Новости

«Кеңқияқмұнай» МГӨБ-ның ұжымы Кеңқияқ ауылындағы «Ырысты ана» мешітінің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ат салысып, бір ауыздан қаржылай көмек көрсетті.


08.06.2022

Мешіт – имандылық ұясы, құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Мешіт қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орын. Адамның туғанынан бастап өмірден өткенге дейінгі діни рәсімдері мешітте өткізіледі. Мәселен, балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сынды көптеген діни рәсімдер мешітте орындалады. Құран Кәрімде және хадистерде мұсылмандардың құлшылық жасайтын мекені әрі пенде мен Раббысы арасындағы байланысын арттыратын орын «мешіт» деп аталған.

2018 жылы Кеңқияқ ауылында салынған алғашқы мешіт 4 жыл бойы ауыл тұрғындары мен қонақтарына тынбай рухани қызмет атқарып келеді. Соңғы жылдары мешіт төбесінің шатыры жұқарғанының салдарынан мешіт ішін жылыту жұмыстары ақсап кетті. Қыс мезгілінде шатыр ішінен кірген қар, көктем мезгілінде еріп, халықтың күшімен жасаған мешіт ішінің жөндеу жұмыстарын бүлдіруде.

«Ырысты Ана» мешітінің имамы мен Кеңқияқ ауылының жамағаты ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары болып мешіт төбесін күрделі жөндеуге қаржы жинау жұмыстарын бастады. Ауыл тұрғындары болып жиналған қаражат көлемі 4 000 000 (төрт миллион) теңге шамасын құрады. Бұл қаржы жөндеу жұмыстарына қажетті материалдардың бағасы шарықтап, қымбаттауына байланысты, тек материалдарға ғана жетіп тұр. Күрделі жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жасауға мүмкіндік болмағандықтан, сырттан мамандар шақыртуға мәжбүрміз, сол мамандардың еңбек ақысын төлеуге сізден демеушілік сұраймыз,- деп «Ырысты Ана» мешітінің имамы өз өтінішінде сұраныс білдірді.

«Кеңқияқмұнай» МГӨБ-ның басшылығы мен қызметкерлері ауыл имамының өтінішін қабыл алып, өз еріктерімен Басқару аппараты, бөлімдер мен цехтар арасында қаражат жинады. «Кеңқияқмұнай» МГӨБ бойынша барлығы 1 500 000 тг (бір миллион бес жүз мың теңге) қаражат жиналды. Жиналған қаражатты Басқарма басшылары мен қызметкерлер, жұмысшылар жиналып жүрек жарды ізгі тілектерін айтып, мешіт имамына тапсырды.

"Кеңқияқмұнай" мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы мен кәсіподақ ұйымы әрдайым жергілікті тұрғындардың, жергілікті әкімдіктер мен білім беру, мәдени және діни мекемелер өкілдерінің өтініштеріне үлкен көңіл бөледі. Тек 2022 жылдың басынан бастап "Кеңқияқмұнай" МГӨБ-ның ұжымы бірнеше рет медициналық көмекке мұқтаж қызметкерлерге, олардың өтініші негізінде, қайырымдылық мақсатында қаражат жинады. Жалпы жиналған сома 3 655 000 теңгені құрады. "Кеңқияқмұнай" МГӨБ өтеусіз түрде бюджеттік ұйымдарға ("Ақбота" және "Зере" балабақшалары) үй-жайларды жылыту бойынша ақысыз қызмет көрсетеді. Жыл сайын осы үй-жайларды жылытуға жұмсалатын шығындар орташа есеппен 2 300 000 теңгені құрайды. Кеңқияқ ауылдық округ тұрғындары мен басқарманың зейнеткерлеріне «Наурыз мейрамы», «ҰОС Жеңіс күні», «1 маусым-Балаларды қорғау күні» ұлттық және мемлекеттік мерекелерде іс-шаралар ұйымдастырды, жұмсалған қаржы 1 204 000 тг. Кәсіподақ ұйымы аудандық «ТЕМІР» газетінің басылымдарына 210 000 тг қаражат жұмсады. "Кеңқияқмұнай" МГӨБ жергілікті әкімдіктердің өшініші негізінде Кеңқияқ, Саркөл, Шұбарши ауылдарындағы түрлі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін көлік қызметтерін (бульдозер, самосвал, экскаватор, цистерна, агрегат) көрсетеді. Бүгінгі күні автокөлік қызметтеріне жұмсалған шығындар орта есеппен 13 468 000 теңгені құрайды. "Кеңқияқмұнай" МГӨБ жыл басынан бастап ауылдық округтерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына 20 837 000 теңге көмек көрсетті.Бұл қайырымдылық акциясы Кеңқияқ мұнайшылары туған өлкенің өркендеуінің ортақ ісі үшін жерлестеріне түрлі қажеттіліктерді шешуде көмекке келуге әрдайым дайын екендігін тағы да дәлелдеді.

Минура Қабеш,
«Кеңқияқмұнай» МГӨБ-ның қазақ тілі аудармашысы
























Официальные (рыночные) курсы валют
Официальные (рыночные) курсы валют


Акимат города Актобе

Акимат Актюбинской области

«ПетроКазахстан Инк.»